Жаңа Салық кодексі ел ішінде қызу талқыланып жатыр. Осы орайда, азаматтар арасында түрлі сұрақтар туындауы мүмкін. Мәселен, экономикалық реформалар қажет пе, әлде тұрмыстық жүктемені арттырмаудың басқа да тиімді жолы бар ма? 🤔
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында аталған сұрақтарға жауап берді. Ол:
«Жаңа кодекс – бұл жай „фискалдық науқан“ емес, салық жүйесін толық қайта құру. Мақсат – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету»,
— екенін атап өтті.
Президент салық реформасының басты мақсаты — әділдік, ашықтық және мемлекет–бизнес–қоғам арасындағы серіктестік екенін жеткізді.
«Салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт деген сөз. Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүктемені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерді қолдау және экономикалық тұрғыдан „белсенді ортаны“ одан әрі дамыту тәсілі»,
— деді Президент.
Яғни, ел экономикасы тұрақты өсу жолына қойылып, салық жүйесі әділ әрі ашық болуы тиіс.
📄Парламент реформасы: ашықтық пен референдум арқылы
Кейбір сарапшылар парламенттік реформаны тек Парламент төрағасы лауазымын күшейту үшін жасалып жатыр деп санайды. Тоқаев бұл пікірді жоққа шығарып, мұны «бос әңгіме» деп атады.
Қазақстан — президенттік басқару үлгісіндегі мемлекет, ал маңызды реформалар жалпыхалықтық референдумға шығарылады. Саяси өзгерістер ұзақ мерзімге жоспарланып, ашық жарияланады.
🏔️ 💻 және цифрландыру
Туризм саласында Президент Алматы тау кластерінің әлеуеті зор екенін, онда туристік инфрақұрылымды әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өз сұхбатында цифрлық даму мен жасанды интеллект экономикаға еніп, Astana Hub, Alem.Cloud және Al-Farabium суперкомпьютерлері арқылы жаңа стартаптар мен жұмыс орындары пайда болатынын мәлімдеді.
Қорытындылай келе, Президент өз сұхбатында ел экономикасы тұрақты өсу жолында, салық жүйесі әділ әрі ашық, ал туризм мен цифрлық даму — жаңа инвестициялар мен жұмыс орындарының кепілі болатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, саяси реформалар ашық жүргізіліп, қоғам үшін маңызды шешімдер референдум арқылы бекітілетінін тағы бір мәрте еске салды.